Ана мен әкемнің жұмыс орнына саяхат
Әр баланың өмірінде ата-анасының күн сайын таңертең қайда кететінін көргісі келетін сәт туады. Олардың немен айналысатынын, жұмыстарының неліктен соншалықты маңызды екенін және өз кәсіпорны туралы неге мұншалықты жылы лебізбен айтатынын білгісі келеді. 3-ЖЭО ұжымы «Ашық есік күнін» ұйымдастырып, қызметкерлердің балаларына дәл осындай мүмкіндік сыйлады.

Бұл күні электр станциясы Медина мен Адина Косоваларға, Эльдар Утенковке, Сабина мен Адина Шерханға, Сезім Манатқа, Демьян Ермолинге және Анастасия Нидентальға есігін айқара ашты. Мұнда олардың аналары мен әкелері – күн сайын мыңдаған тұрғынды жылумен және жарықпен қамтамасыз ететін жандар жұмыс істейді. Бұл балалар үшін жай ғана экскурсия емес, бұрын тек ата-аналарының айтқан әңгімелерінде ғана болатын әлемді тамашалау мүмкіндігі болды.
Экскурсия басталмас бұрын өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспектор Назым Зикирова балаларды станция аумағындағы тәртіп ережелерімен және «Қауіпсіздіктің 8 алтын ережесімен» таныстырды. Балалар жеке қорғаныс құралдарын киіп көріп, мамандардың түсіндірмесін мұқият тыңдады және өндірісте қауіпсіздіктің неліктен әрдайым бірінші орында тұратынын білуге қызығушылық танытты.

Бас басқару қалқанына бару балалар үшін нағыз жаңалық болды. Жөндеу және сынау жөніндегі жетекші инженер Александр Астафьевпен бірге олар жабдық жұмысы тәулік бойы бақыланатын станцияның дәл жүрегіне барып қайтты. Станция ауысымының бастығы Владимир Саенко электр және жылу энергиясының қалай пайда болатынын, әр бөлімшенің қандай рөл атқаратынын және тұрғындарды сенімді энергиямен қамту неліктен бүкіл ұжымның үйлесімді жұмысына байланысты екенін қарапайым да түсінікті тілмен айтып берді.
Электр цехының өндірістік учаскесінің шебері Владимир Утенковтың ұлы Эльдар Утенков көргендерінен ерекше әсер алды.
– Маған бәрінен де бас басқару қалқаны ұнады. Бұрын осындай үлкен электр станциясының қалай басқарылатынын елестете де алмайтынмын. Өте қызықты болды, енді әкемнің жұмысы қаншалықты жауапты екенін түсіндім, – деп бөлісті ол.
Химия цехына бару да балаларға жарқын эмоция сыйлады. Химия цехының инженері Бақытжан Тойбағарова мен химиялық талдау зертханашысы Айнұр Қожаева балаларға қызықты әрі қауіпсіз химиялық тәжірибелер әзірледі. Ерекше әсерлер, жарқын түрленулер мен қызықты түсіндірмелер балаларды ерекше қуантты.
Химиялық талдау зертханашысы Гүлнар Келіспаеваның қызы Медина Косова экскурсияның дәл осы бөлігі оның ең есте қаларлық бөлігі болғанын айтты.
– Станция маған қатты ұнады. Анамның қайда жұмыс істейтінін алғаш рет көрдім, енді оның жұмысының неліктен соншалықты маңызды екенін түсіндім. Бәрінен де химиялық тәжірибелер есімде қалды – өте қызық әрі әдемі болды!
Экскурсия барысында балалар көптеген сұрақ қойып, жабдықтарды қызығушылықпен қарады және ата-аналары туралы ерекше мақтанышпен жиі айта бастады. Көпшілігі үшін бұл күн оларды үйде ғана емес, жұмыс орнында – әріптестерінің, күрделі жабдықтардың және маңызды өндірістік процестердің ортасында көруге мүмкіндік берді.
3-ЖЭО директоры Абзал Жақыпбаев жас қонақтарға жылы лебізін білдірді. Ол кәсіпорынның маңызы туралы айтып, балаларға энергетик мамандығына қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірді және оларға жақсы оқып, білімге құштар болуды және әрқашан жаңа білімге ұмтылуды тіледі.
Экскурсиядан кейін балаларға тәтті шай ұсынылды. Олар дастарқан басында әсерлерімен бөлісіп, ең қызықты сәттерді еске алып, ұзақ уақыт есте қаларлық жайттарды айтып беріп отырды.

Турбина цехының бастығы Олег Вагановтың қызы Анастасия Ниденталь күлімсірей сөйледі:
– Маған бәрі ұнады! Әсіресе, әкемнің жұмыс орнын көріп, әріптестерімен танысқаныма қуаныштымын. Енді энергетиктердің өте жауапты жұмыс атқаратынын түсіндім.
Ашық есік күні балалар үшін жай ғана танымдық экскурсия болған жоқ. Ол балаларға күнделікті үйреншікті жарық пен жылудың артында қандай орасан зор еңбек тұрғанын көруге, ата-аналары үшін мақтаныш сезімін сезінуге және энергетик мамандығының қаншалықты маңызды екенін ұғынуға көмектесті.
Дәл осындай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтады, еңбекке деген құрметке тәрбиелейді және балаларға кәсіпорын тарихының адамдардан басталатынын түсінуге жәрдемдеседі. Мүмкін, бүгінгі қонақтардың бірі үшін бұл күн болашақ мамандықты таңдауға жасалған алғашқы қадам болып, бір күні оны «АлЭС» АҚ-ның үлкен энергетикалық отбасына алып келетіні сөзсіз.