Кәсібіне айналған дәлдік
Ұжымда кейбір жандар туралы: «Егер бөлшек Андрей Юрьевичтің қолында болса, демек, бәрі ойдағыдай жасалады» деп айтады. Бұл сөздердің астарында жылдар бойғы еңбек, мінсіз бедел және әріптестердің шынайы құрметі жатыр. 3 шілдеде «Энергожөндеу» ӨЖК Арматуралық-механикалық цехының 6-разрядты токары Андрей Юрьевич Филоненко өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Андрей Юрьевич «Энергожөндеу» ӨЖК-де 2020 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ол өзін жоғары білікті маман ретінде танытты. Ол үшін жұмыс сапасы – басты кәсіби қағида. Оның тәжірибесі, ұқыптылығы мен іске деген жауапкершілігі ең күрделі өндірістік тапсырмаларды да сәтті орындауға септігін тигізеді. Жас қызметкерлер одан әрқашан кеңес сұрай алады, ал әріптестері Андрей Юрьевичке кез келген жағдайда сенім артуға болатынын біледі.

Алматыда туып-өскен ол бала кезінен техникаға құмар болып, өз қолымен бірдеңе жасағанды ұнататын. Сондықтан мамандық таңдауы да өздігінен заңдылыққа айналды. Еңбек жолын Алматы ауыр машина жасау зауытында жонушының шәкірті болып бастады. Содан кейін қаланың ірі кәсіпорындары – ААМЖЗ, С.М. Киров атындағы зауыт, «Белкамит» және басқа да машина жасау өндірістерінде жұмыс істеді. Олардың әрқайсысы кәсіби өсудің жаңа сатысына айналып, баға жетпес тәжірибе жинақтауға көмектесті.
«АлЭС» АҚ-на Андрей Юрьевич 2020 жылы келіп, көп ұзамай АМЦ-ның үлкен ұжымының бір мүшесіне айналды.
– Мұнда өз ісін шын жүректен сүйетін жандар еңбек етеді. Әріптестердің қолдауын, құрметін және бір-біріне көмектесуге деген ниетін үнемі сезінесің. Сол себепті жұмысқа көтеріңкі көңіл күймен келесің, – дейді Андрей Юрьевич.

Өндірістен тыс уақытта да оның шыдамдылықты, тәртіпті және ісіне толық берілуді талап ететін сүйікті ісі бар. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Андрей Юрьевич неміс овчаркаларын асылдандырумен және жаттықтырумен айналысады. Ол иттермен жұмыс істеудің алаңдауға, күш-қуатты қалпына келтіруге көмектесетінін және нағыз рахат сыйлайтынын мойындайды. Сондай-ақ балық аулауды, табиғат аясында демалуды ұнатады. Бұл – отбасымен бірге болып, бойға қуат жинайтын сәттер.

Андрей Юрьевичтің кәсібилігі туралы онымен күн сайын бірге жұмыс істейтін адамдардың өздері жақсы айтып береді.
«Энергожөндеу» ӨЖБ АМЦ бастығы Әл-Фараби Өтеулов былай дейді:
– Андрей Юрьевич – өз ісінің нағыз шебері. Ол – біздің ұжымда шынайы құрметке ие жан. Ол сенімділігімен, жылы шырайлылығымен және әріптестеріне әрдайым қолдау көрсетуге деген дайындығымен дараланады. Мұндай адамдар сенім мен өзара сыйластық ортасын қалыптастырады. Андрей Юрьевичті мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мықты денсаулық, отбасына амандық, бақыт, жан жылуын және ұзақ ғұмыр тілеймін. Жаныңыздан әрдайым туған-туыстарыңыз бен жақындарыңыз табылып, әрбір жаңа күн қуаныш, тамаша көңіл күй және мақтануға тұрарлық жаңа себептер әкелсін. Көпжылдық еңбегіңіз, сенімділігіңіз бен мамандыққа деген адалдығыңыз үшін алғыс айтамыз!
АМЦ ұжымы бұл сөздерге шын жүректен қосылады. Алда әлі де көптеген бақытты жылдар, жарқын оқиғалар, жылы кездесулер мен күлкіге толы сәттер көп болсын. Ал жинақтаған тәжірибеңіз жас мамандарға үлгі болып, энергетиканың үздік дәстүрлерін дамытуға ұзақ жылдар бойы қызмет етсін.