ЕҚДБ Президенті Алматы 2-ЖЭО-ны жаңғырту барысымен танысты
Артқа
01.07.2026

ЕҚДБ Президенті Алматы 2-ЖЭО-ны жаңғырту барысымен танысты

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Одиль Рено-Бассо ханым бастаған делегация 2026 жылғы 1 шілдеде «Қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, Алматы 2-ЖЭО-ны жаңғырту» жобасының құрылыс алаңында болды.

Қонақтарды «АлЭС» АҚ мен мердігер ұйымдардың басшылары қарсы алды. Олар еліміздің осы ірі энергетикалық жобасының іске асырылуы туралы толық ақпарат берді. Атап айтқанда, ЕҚДБ өкілдеріне бу-газ қондырғысының құрылыс барысы, жобаны жүзеге асырудың негізгі кезеңдері туралы баяндалды. Көмірден табиғи газға көшудің экологиялық артықшылықтары ерекше атап өтілді. Қонақтар құрылыстың қазіргі жай-күйіне қызығушылық білдірді. «АлЭС» АҚ Даму және құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Ержан Бұрамбаевтың айтуынша, бүгінде жобаның жалпы ілгерілеуі 91%-дан асты, ал құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Одиль Рено-Бассо ханым ұсынылған материалдарды мұқият зерделеп, жобаға үлкен қызығушылық танытты. Ол жобаның іске асырылу мерзімі, құрылыстың техникалық ерекшеліктері, экологиялық тиімділігі және жаңа энергетикалық кешенді пайдалануға беру келешегі туралы сұрақтар қойды.

Презентация барысында қонақтарға болашақ станцияның макеті көрсетіліп, жобаның негізгі технологиялық шешімдері туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Делегация сондай-ақ бақылау алаңына көтеріліп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымын өз көзімен көрді, жобаның іске асырылу қарқынын бағалап, жаңа станцияның салынып жатқан нысандарымен танысты.

Сапар соңында Одиль Рено-Бассо «АлЭС» АҚ-ның игі дәстүрін жалғастырып, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың, сенімнің және тұрақты даму қағидаттарына ортақ ұстанымның нышаны ретінде салынып жатқан станция аумағына ағаш отырғызды. Бұл кездесудің әдемі аяқталып, станцияны көмірден табиғи газға көшіргеннен кейін қоршаған ортаға әсерді едәуір азайтуға мүмкіндік беретін жобаның экологиялық бағытын айшықтай түскенін білдірді.