АлЭС мерейін асқақтатқан қос бірдей жеңіс
Артқа
23.06.2026

АлЭС мерейін асқақтатқан қос бірдей жеңіс

Елорда төрінде өткен «Энергетика саласының үздігі» республикалық байқауы биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп, энергетика саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген үздік мамандардың еңбегін ел көлемінде ұлықтаған айтулы оқиғаға айналды. «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығы ұйымдастырған байқау энергетика саласының өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген кәсіби мамандарды бір арнаға тоғыстырды.

Солардың қатарында «АлЭС» АҚ ұжымының қос өкілі Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас менеджері Лаура Кусмолдинова мен жетекші маманы Бақытгүл Дюсалиева да бар. Байқау қорытындысы бойынша олар жоғары марапатқа ие болып, кәсіпорын абыройын республикалық деңгейде асқақтатты. Бұл марапат тек жеке жетістік емес, ол көпжылдық адал еңбектің, кәсібилік пен жауапкершіліктің жарқын жемісі.

Лаура Кусмолдинова мен Бақытгүл Дюсалиева өз еңбек жолдарын АлЭС компаниясымен 2008 жылдан бері байланыстырып келеді. Қаншама жылдан бері олар кәсіби біліктілігімен ғана емес, адамгершілік қасиеттерімен, еңбекке деген адалдығымен де әріптестерінің құрметіне бөленіп келеді. Құжат айналымының жүйелі жүргізілуі, тапсырмалардың уақытылы орындалуы, жұмыс үдерістерінің нақтылығы мен тәртібі – олардың күнделікті еңбегінің нәтижесі.

Лаура Кусмолдинованы ұжым белсенділігімен, шығармашыл болмысымен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше бағалайды. Ол қызметтік міндеттерін мінсіз атқарумен қатар, компанияның қоғамдық және мәдени өміріне де белсене араласып келеді. Мемлекеттік және орыс тілдерінде өтетін корпоративтік іс-шаралардың сценарийлерін әзірлеп, жүргізу арқылы ұжымда сыйластық пен бірліктің, ізгілік пен рухани жақындықтың қалыптасуына үлес қосып жүр. Оның бастамасымен ұйымдастырылған көптеген мерекелік кездесулер мен маңызды іс-шаралар әріптестер жадында жылы әсер қалдырып, ұжымдық рухты нығайта түсті.

– Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе, әрі ерекше толқыныс сыйлаған қуанышты сәт. АлЭС – ол жәй ғана жұмыс орны емес, өмірімнің маңызды бөлігіне айналған үлкен отбасы. Маған сенім білдіріп, әрдайым қолдау көрсетіп жүрген басшылық пен әріптестеріме шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай үлкен энергетиктер отбасының мүшесі болғанымды мақтан тұтамын, – дейді Лаура Кусмолдинова.

Бақытгүл Дюсалиева да өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігі ұштасқан маман ретінде танылған. Оның қызметі құжаттамалық және тілдік қамтамасыз ету жұмыстарымен тығыз байланысты. Сонымен қатар ол компаниядағы тіл мәдениетін дамытуға, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесін қосып келеді. Мемлекеттік тілге деген құрмет, сөзге деген жауапкершілік, ұқыптылық пен адалдық – Бақытгүлдің кәсіби келбетін айқындайтын басты қасиеттер.

– Еңбектің республикалық деңгейде жоғары бағалануы зор қуаныш, әрі үлкен жауапкершілік. Бұл марапат мені жаңа белестерге жетуге жігерлендіріп, кәсіби тұрғыдан одан әрі дамуға шабыт береді. АлЭС ұжымына, әріптестеріме және басшылыққа қолдаулары үшін алғысымды білдіремін, – дейді Бақытгүл Дюсалиева.

Байқау жеңімпаздарын анықтау кезінде олардың кәсіби тәжірибесі, еңбек жетістіктері, кәсіпорынның дамуына қосқан үлесі, қоғамдық белсенділігі мен мамандыққа деген адалдығы жан-жақты сараланды.

Нәтижесінде Лаура Кусмолдинова мен Бақытгүл Дюсалиева І дәрежелі дипломдармен, «Энергетика саласының үздігі» медальдарымен және арнайы куәліктермен марапатталды.

«АлЭС» АҚ қызметкерлерінің жетістігі байқау ұйымдастырушыларының қоғам Басқарма төрағасы Ерік Қанышбекұлы Машировтың атына жолдаған Алғыс хатында да ерекше аталып өтті. Онда компания басшылығының кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған жүйелі жұмысы, қызметкерлерге көрсетілетін қолдау және кәсіби өсуге жасалған қолайлы жағдайлар жоғары бағаланған.

Бұл марапат – Лаура Кусмолдинова мен Бақытгүл Дюсалиеваның ғана емес, бүкіл АлЭС ұжымының ортақ қуанышы мен мақтанышы. Ол кәсібилік пен табандылықтың, адал еңбек пен жауапкершіліктің әрдайым лайықты бағасын табатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қос әріптесіміздің жетістігі олардың еңбек жолындағы жарқын белестердің біріне айналып, алдағы уақытта жаңа жеңістер мен толағай табыстарға жол ашсын. АлЭС ұжымы әріптестеріне зор денсаулық, бақ-береке, отбасылық амандық және Қазақстан энергетикасының өркендеуі жолындағы жаңа жетістіктер тілейді.