Дуалды оқыту: тәжірибемен шыңдалған білім
Артқа
30.06.2026

Дуалды оқыту: тәжірибемен шыңдалған білім

Болашақ энергетиктерді даярлауды білім мен өндірістің тығыз байланысынсыз елестету мүмкін емес. Университетте алған теориялық білім студент жабдықтың жұмысын өз көзімен көріп, технологиялық процестердің логикасын ұғынып, қаланы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ететін адамдардың жауапкершілігін сезінгенде ғана нағыз тереңдей түседі.

Дуалды оқыту дәл осы міндетті шешуге бағытталған. Ол университеттегі оқу мен өндірістегі тәжірибені ұштастыра отырып, болашақ мамандарға оқу кезінің өзінде энергетикалық кәсіпорынның нақты жұмысымен танысуға, білімін бекітуге және маңызды кәсіби бағдар алуға мүмкіндік береді.

«АлЭС» АҚ мен Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті арасындағы ынтымақтастық аясында үшінші курс студенттері Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да дуалды оқыту элементтері бар өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Тәжірибе «Жылу энергетикасы» білім беру бағдарламасында оқитын студенттер үшін ұйымдастырылған және 2026 жылдың 25 мамыры мен 30 маусымы аралығында өтеді.

«АлЭС» АҚ үшін дуалды оқытуға қатысу – энергетиктердің жаңа буынын даярлауға қосқан үлес. Компания студенттерге жұмыс істеп тұрған өндіріспен танысуға, цехтар мен негізгі жабдықтардың жұмысын көруге, технологиялық процестердің өзара байланысын түсінуге, сондай-ақ тәртіптің, қауіпсіздік мәдениетінің және командалық жұмыстың маңызын сезінуге мүмкіндік береді.

Тәжірибе кезінде студенттер Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да болып, электр және жылу энергиясын өндіру процестерімен, жылу қондырғыларының жұмысымен және станцияның негізгі бөлімшелерінің жұмыс істеу қағидаттарымен танысты. Кәсіпорын мамандары студенттерді экскурсияның барлық кезеңінде алып жүріп, жабдықтың ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндірді және кәсіби сұрақтарына жауап берді.

3-курс студенті Мұрат Мұхаммед бұл тәжірибе болашақ мамандығын теория жүзінде ғана емес, нақты өндірістік процесс барысында көруге көмектескенін атап өтті.

– Біз станция жабдығының қалай жұмыс істейтінін, электр қуаты мен жылудың қалай өндірілетінін көрдік. Кәсіпорын қызметкерлері барлық процесті ұғынықты тілмен түсіндіріп, сұрақтарымызға жауап берді. Осы тәжірибенің арқасында жаңа білім алып, болашақ мамандығымызды тереңірек түсіндік, – деп бөлісті Мұрат.

Студент Тимур Серажиев үшін дуалды оқыту университеттегі дайындықтың маңызды жалғасы болды. Оның айтуынша, 1-ЖЭО-мен танысу оқу кезінде алған білімін бекітіп, жылу қондырғыларын іс жүзінде көруге мүмкіндік берген.

– Үшінші курсты аяқтаған соң бізді «АлЭС» АҚ-на өндірістік тәжірибеге жіберді, сол жерде дуалды оқыту бағдарламасынан өттік. Біз 1-ЖЭО-да болып, барлық жылу қондырғысын көрдік, оларды зерттеу өте пайдалы болды. Тәжірибе болашақ маман үшін өндірістік тәжірибенің қаншалықты маңызды екенін көрсетті, – деп атап өтті Тимур.

Студент Әлібек Хамза өндірістік тәжірибе оған теория мен энергетикалық нысанның нақты жұмысы арасындағы тікелей байланысты көруге көмектескенін айтты.

– Сабақта оқитын жабдықтарымыздың нақты жағдайда қалай жұмыс істейтінін көру өте қызықты болды. Тәжірибенің арқасында болашақ мамандығым туралы түсінігім кеңейіп, теориялық білімнің өндірісте қалай қолданылатынын ұғындым, – деді Әлібек.

Дильназ Алдаберген 1-ЖЭО-мен танысу өзі үшін кәсіби тұрғыдан маңызды кезең болғанын атап өтті.

– Тәжірибе кезінде энергетика саласының жұмысымен жақынырақ танысып, теорияның өндірісте қалай қолданылатынын көрдім. Әсіресе, 1-ЖЭО-ға барғанымыз есімде қалыпты, онда станцияның негізгі жабдықтарымен және электр мен жылу энергиясын өндіру процестерімен таныстық. Бұл тәжірибе маған болашақ мамандығымның маңыздылығын тереңірек түсінуге көмектесті, – деп бөлісті Дильназ.

Студент Диана Ермекқызы үшін тәжірибе станцияның ішкі тыныс-тіршілігін көріп, энергетиктер жұмысының қаншалықты жауапты екенін сезінуге мүмкіндік болды.

– Біз күрделі жабдықтың жұмыс үстінде екенін көріп, станция жұмысы үлкен жауапкершілікті, білімді және күнделікті еңбекті талап ететінін түсіндік. Кәсіпорын қызметкерлері бізді жылы қарсы алып, өндірістік процестерді ұғынықты түсіндірді, өз тәжірибелерімен бөлісіп, барлық сұрағымызға жауап берді. Бұл біздің кәсіби көзқарасымыздың қалыптасуына қосылған маңызды үлес болды, – деп атап өтті Диана.

Үшінші курс студенті Әсет Ақтурин тәжірибе оған 1-ЖЭО-ның әрбір бөлімшесінің жұмысын жақсырақ түсінуге және алған білімін нығайтуға көмектескенін жеткізді.

– Біз әр цехтың жұмыс істеу қағидаттарымен танысып, жаңа дағдыларға ие болдық және білімімізді шыңдауға мүмкіндік алдық. Станция қызметкерлерінің тәжірибесі мен білімі бізге жоғары білікті маман болып, энергетика саласын дамытуға көмектеседі, – деді Әсет.

Барлық студент АлЭС АҚ ұжымына және Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО мамандарына тәжірибеден өтуге мүмкіндік бергені, мазмұнды түсіндірмелері, ықыласы және кәсіби тәжірибесімен бөлісуге дайындығы үшін шынайы алғыстарын білдірді. Олар АЭжБУ оқытушысы Галина Сергеевна Суминоваға берген білімі, қолдауы, көмегі, оқытудағы қызықты тәсілі және тәжірибе кезінде жол көрсеткені үшін ерекше ризашылықтарын арнады.

Дуалды оқыту университет пен өндіріс арасында берік байланыс орнатады. «АлЭС» АҚ-ның қатысуының арқасында болашақ энергетиктер тек практикалық білім ғана емес, сонымен қатар мамандықтың құндылықтарын: жауапкершілік, тәртіп, қауіпсіздік мәдениеті, еңбекті құрметтеу және командада жұмыс істеу қабілетін түсінеді.

Студенттердің практикалық дайындығын қолдай отырып, «АлЭС» АҚ энергетика саласының кадрлық әлеуетін дамытуға үлес қосып, өңірдің энергетикалық сенімділігін қамтамасыз ететін мамандар буынын қалыптастыруға көмектеседі.