Білім қуаты: Қырғызстан студенттері АлЭС нысандарымен танысты
Нақты өндіріспен танысусыз жас мамандарды даярлау мүмкін емес. Сондықтан «АлЭС» АҚ-ның бейінді оқу орындарымен ынтымақтастығы компания жұмысының маңызды бағыты болып қала береді, бұл студенттерге энергетиканы тек оқулықтарда ғана емес, іс жүзінде көруге мүмкіндік береді.

2026 жылғы маусымда Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті ұйымдастырған Жылу энергетикасы бойынша жазғы мектеп аясында Алматыға И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің студенттері келді. Мектеп бағдарламасы дәрістерді, университеттің зертханалық базасымен жұмысты және «АлЭС» АҚ-ның негізгі өндірістік нысандарын – Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО және А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ні аралауды қамтыды.

Тоқсан жылдан астам тарихы бар Алматының ең көне электр станциясы – 1-ЖЭО-ге бару ерекше әсер қалдырды. Мұнда қатысушылар энергетиканың қалыптасуының алғашқы кезеңдерінен бастап станцияның сенімді жұмысын қамтамасыз ететін заманауи шешімдерге дейінгі даму жолын көре алды.

И.Раззаков атындағы ҚМТУ «Жылу энергетикасы» кафедрасының студенті Ақылай Асанқожоева бұл сапардың өзі үшін маңызды кәсіби тәжірибе болғанын атап өтті:
– Осы сапарға дейін мен Бішкек қаласының ЖЭО-да болғанмын, сондықтан маған стансаларды, олардың ауқымын, жабдықтарын және жұмысты ұйымдастыруды салыстыру өте қызықты болды. 1-ЖЭО-де тәртіптің жоғары деңгейі мен экскурсияның ойластырылған ұйымдастырылуы мені таңғалдырды. Станция мамандарына ашықтығы мен білімін бөлісуге дайындығы үшін алғыс айтамын, – деді Ақылай.

Алматы энергетикасымен танысудың жалғасы А. Жақұтов атындағы 2-ЖЭО болды. Станцияда студенттер негізгі жабдықтарды көрді, технологиялық процестің ұйымдастырылуымен, персоналдың жұмысымен және ірі жылу энергетикалық нысанды пайдалану ерекшеліктерімен танысты.

«Ғұмарбек Дәукеев атындағы ӘЭОБ» КЕАҚ академиялық қызмет жөніндегі проректоры Айбек Жұпанхан мұндай экскурсиялардың практикалық маңыздылығын атап өтті:
– Алматы 2-ЖЭО-ге бару студенттер үшін өте құнды тәжірибе болды. Олар барлық күрделі өндірістік процесті өз көздерімен көріп, 2-ЖЭО-ның ПТО бастығы Сергей Петрович Табакаевтың кәсіби сүйемелдеуінің арқасында станция жұмысының ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсінуге мүмкіндік алды. Мұндай іс-шаралар білім алушылардың практикалық білімінің сапалы өсуіне ықпал етеді және «АлЭС» АҚ-мен тығыз өзара іс-қимылды дамытуға мүмкіндік береді,» – деп атап өтті ол.

Студенттер станция мамандарының ашықтығы мен ықыласты қарым-қатынасын ерекше атап өтті. Ерболат Үсіпбековтің айтуынша, 2-ЖЭО-ге бару сапардың ең есте қаларлық оқиғаларының бірі болды:
– Экскурсия өте қызықты әрі танымдық болды. Жұмысшылар станция жұмысы, оның жабдықтары мен технологиялық процестері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Барлығын өз көзіммен көріп, жылу электр орталығының жұмысы туралы көп жаңалық білу маңызды болды. Ұйымдастырушыларға қонақжайлылығы, жылы қабылдауы және ұмытылмас әсерлері үшін алғыс айтамыз.
Үшінші курс студенті Айпери Дүйшөналиева үшін экскурсия болашақ мамандығына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді:
– Сабақтарда үйренетін жабдықтардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көру өте қызықты болды. Әсіресе, станцияның ауқымы, технологиялық процестің ұйымдастырылуы және қызметкерлердің жұмысы ерекше әсер қалдырды. Бұл тәжірибе менің болашақ мамандығымға деген қызығушылығымды арттырды.
Айпери экскурсияны ұйымдастырғаны үшін «Жылу энергетикасы және физика» кафедрасының меңгерушісі Максим Коробковқа, «АлЭС» АҚ персоналды даярлау бөлімінің бастығы Жанар Сабикеноваға, сондай-ақ экскурсия кезінде студенттерге ілесіп жүрген станция мамандарына – егжей-тегжейлі түсініктемелері, жылы лебіздері және сұрақтарға жауап беруге дайындығы үшін алғысын білдірді.
«Жылу энергетикасы» кафедрасының оқытушысы Ұлбү Болотбекованың айтуынша, АлЭС-тің өндірістік нысандарымен танысу Жазғы мектептің маңызды кезеңдерінің бірі болды:
– Біз станцияның тарихи бөлігін де, реконструкциядан кейінгі заманауи нысандарды да көре алдық. Әсіресе, 1-ЖЭО-ның 90 жылдан астам уақыт бойы қаланы жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқаны таңғалдырады. Мұндай экскурсиялар студенттерге энергетика мамандығының маңыздылығын жақсы түсінуге және болашақ жұмысының перспективаларын көруге көмектеседі, – деп атап өтті оқытушы.

Жазғы мектеп Қазақстан мен Қырғызстанның білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы тағы бір қадам болды. «АлЭС» АҚ үшін осындай жобаларға қатысу – бұл саланы дамытатын, заманауи технологияларды енгізетін және болашақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін энергетиктердің жаңа буынын дайындауға қосқан қосқан үлесі.