Қауіпсіздік отбасынан басталады
Артқа
16.06.2026

Қауіпсіздік отбасынан басталады

БЖК-да қауіпсіздік мәдениеті тек өндірісте ғана емес, отбасында да қалыптасатынына сенеді. Дәл осы себепті «АлЭС» АҚ-дағы нөлдік жарақаттануға қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында кәсіпорында Еңбекті қорғаудың отбасылық күні және қызметкерлердің балаларына арналған Ашық есік күні өтті.

Бұл күні мекемені балалардың дауысы, күлкісі мен шынайы ынта-ықыласы кернеді. Жас қонақтар ата-аналарының қайда және қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көріп, энергетика әлемімен танысып, қауіпсіздік мәселелерінің әрбір энергетик жұмысында неліктен ерекше орын алатынын білу үшін бірегей мүмкіндік алды.

Экскурсия басталар алдында өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспектор Ақмарал Айтқалиева балаларға кіріспе нұсқама өткізді. Ол кәсіпорын аумағындағы тәртіп ережелері туралы қолжетімді әрі түсінікті тілмен айтып, қауіпсіздік талаптарын әрқашан және әр жерде сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

Өндірістік-техникалық бөлімнің жетекші инженері Денис Охман балалар үшін энергетика әлеміне нағыз жол сілтеуші ретінде қызмет көрсетті. Ол балаларды кәсіпорынның жұмысымен таныстырып, жылу энергиясын өндіру процесі туралы айтып берді және үйлерге, мектептерге, балабақшаларға және қаланың басқа да әлеуметтік нысандарына күн сайын жылу мен ыстық су жеткізетін жабдықтарды көрсетті. Көптеген бала энергетиктердің еңбегі қаншалықты маңызды екенін және ата-аналарының қандай жауапкершілік арқалайтынын біліп, таңданысын жасыра алмады.

Іс-шара барысында «Балаларға арналған қауіпсіздіктің алтын ережелері» тақырыбына ерекше назар аударылды. Балалар ойын және танымдық форматта үйде, көшеде және қоғамдық орындарда өзін қалай дұрыс ұстау керектігін, күтпеген жағдайларда қалай әрекет етуді және өз денсаулығы мен өмірін сақтау неге маңызды екенін үйренді. Мұндай кездесулер балалардың бойында жастайынан қауіпсіздікке деген жауапты көзқарасты тәрбиелеуге және өмір бойы серік болатын пайдалы әдеттерді қалыптастыруға көмектеседі.

Қазандық цехының ауысым бастығы Данияр Чукаевтың сегіз жасар ұлы Нұрислам өз әсерімен бөлісті:

– Маған әкемнің жұмыс орны қатты ұнады. Бұрын оның энергетик екенін ғана білетінмін, ал қазір бұл мамандықтың қаншалықты маңызды әрі жауапты екенін көрдім. Үйімізге жылудың қалай келетінін және сол үшін күн сайын қаншама адам еңбек ететінін білу өте қызық болды. Әсіресе үлкен жабдықтар мен қауіпсіздік ережелері туралы әңгіме есімде қалыпты. Әкемнің «қауіпсіздік – басты нәрсе» деп неге үнемі айтатынын енді түсіндім.

Экскурсия барысында балалардың қасында ата-аналары мен ілесіп жүрген қызметкерлер болды, ал өндірістік нысандарды аралау жауапты мамандардың бақылауымен өтті.

Іс-шара соңында қатысушылар тәттілер қойылған дастарқан басында шай ішті. Шай үстінде балалар алған әсерлерімен бөлісіп, сұрақтарын қойып, ата-аналарының мамандықтары туралы мақтанышпен әңгімеледі.

Еңбекті қорғаудың отбасылық күні жай ғана танымдық экскурсия емес, ұрпақтардың басын қосқан нағыз мерекеге айналды. Мұндай кездесулер балаларға ата-аналарының еңбегін тереңірек түсінуге көмектеседі, отбасылық құндылықтарды нығайтады және қауіпсіздіктің бір-біріне деген қамқорлықтан басталатынын еске салады. «АлЭС» АҚ-ның басты құндылықтарының бірі саналатын қауіпсіздік мәдениеті дәл осындай қарапайым әрі шынайы сәттерден қалыптасады.